15.06.2026
2026 жылғы 10–11 маусымда Ұлттық сараптама орталығы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен және Қазақстандағы FHI 360 ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің зертханалары қызметін жетілдіруге арналған құралдарды апробациядан өткізді.
Бұл құралдардың маңыздылығы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің эпидемиялық әлеуеті бар ауру ошақтарын пайда болған сәттен бастап жеті күн ішінде анықтау мүмкіндігін қамтамасыз етуімен айқындалады. Зертханалық қызмет үшін бұл уақтылы диагностика жүргізуді, нәтижелерді жедел жеткізуді және ерте ден қоюға дайын болуды білдіреді.
Апробацияға Ұлттық сараптама орталығының сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Самбетбаев Айдар Әділханұлы, Баекешова Фарида Сағымқызы, Мақсұтова Гүлжан Таңірбергенқызы, Тоқтасынова Гүлнұр Бауыржанқызы және Аминова Әзел Серікжанқызы бар.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы зертханаларының қызметін кешенді талдау құралының құрылымын қарастырды. Құрал ұлттық зертханалық жүйені, зертханалардың қызмет деңгейін, микробқа қарсы төзімділікті бағалауды, сондай-ақ даму басымдықтарын айқындауды қамтитын негізгі бағыттардан тұрады.
Практикалық бөлімде индикаторлар, бағалау критерийлері, терминология мәселелері және құралды нақты жағдайларда қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Қатысушылар өздерінің тәжірибелік пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, олар құралды одан әрі жетілдіру барысында ескерілетін болды.
Сондай-ақ зертханалық зерттеулердің орындалу уақытын бағалауға арналған TAT (Turnaround Time) құралы таныстырылды. Бұл құрал зерттеудің барлық кезеңдерін – сынаманың зертханаға түсуінен бастап нәтижені ұсынуға дейінгі процесті талдауға, осал тұстарды анықтауға және зертханалық үдерістердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар аталған құралдардың зертханалар қызметін жүйелі түрде талдауға, кемшіліктерді анықтауға және елдің зертханалық қызметінің тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін маңызды негіз бола алатынын атап өтті.
Қазақстандағы FHI 360 ұйымы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің зертханалық қызметін дамыту, мониторинг пен бағалау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы заманауи сын-қатерлерге ден қоюға дайындықты нығайту бағытында Ұлттық сараптама орталығына қолдау көрсетуді жалғастыруда.